«Оңтүстiк» индустриалды аймағы 2010 жылы бой көтердi. Қазiр мұнда 427 гектар жер пайдалануға берiлген. 504 гектар жер жаңа нысандар үшiн кезегiн күтiп жатыр.
«Оңтүстiк» индустриалды аймағында қазiрге дейiн 73,7 миллиард теңгенi құрайтын 71 жоба жүзеге асқан. Мұнда бүгiнде 6115 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«HILL Corparation» ЖШС - Қазақстандағы автокөлiк моторын майлау материалдарын шығаратын алғашқы және бiрегей зауыт. Әлемдiк стандарттарға сай өнiм шетелдiк материалдармен салыстырғанда 15 пайызға арзан әрi сапалы. Зауыт жылына 24 мың тонна май шығаруға қауқарлы. Қазiр мұнда 226 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Зауыт мемлекеттен 5,4 миллиард теңге несие алған. ЖШС басшысы Н.Дүтбаевтың айтуынша, кәсiпорын бұдан былай көлiк иелерiнен бұрын қолданылған май қабылдайды. Оны қайта өңдеп, қажетiне жаратады. Күнiне миллиондаған машинаның майы ауыстырылады. Оның барлығы да жерге төгiлетiнi сөзсiз. Бұл экологиялық жағынан да зиянды. Ендiгi жерде қолданылған майдың өзi жерде қалмайды.
«Бизнестiң жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында құлашын жая түскен «ЕвроКристалл» ЖШС-нiң тәулiгiне 80 тонна шыны балқытуға қуаты жетедi. Түрлi шыны ыдыстар шығаруға арналған жобаның бiрiншi кезеңi 2014 жылдың тамыз айында iске қосылыпты. Бұл үшiн өндiрiс орнының басшысы кәсiпкерлердi қолдауға арналған «Даму» қорының көмегiне жүгiнген. «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Қазақстанның даму банкi» акционерлiк қоғамының көмегiмен пайыздық мөлшерi төмендетiлген қаржы алған. Инвестициялық сомасы 3,9 миллиард теңгенi құраған зауытта бүгiнде 253 адам жұмыспен қамтылып отыр. Өндiрiс қуаттылығы жылына 225 миллион данаға дейiн шыны ыдыстарын шығаруға толық жетедi.
Жоба бойынша биыл серiктестiк екiншi кезеңдi iске қосуы керек. Биылғы мамыр айынан бастап тәулiгiне 160 тонна шыны балқытатын екiншi пеш iске қосылыпты.
Бүгiнде түрлi шыны ыдыстарға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжiкстан республикалары мен Алматы, Қарағанды, Ақтөбе қалаларындағы бiрнеше кәсiпорын тапсырыс берiп отыр.
Рустам Сухов басшылық жасайтын кәсiпорында өндiрiстiк шынының химиялық және физикалық қасиеттерiн сақтауға бағытталған зертхана жұмыс iстейдi. Айталық, Германияда шығарылған «Hеуе» қондырғысы шыныларға түрлi пiшiн бередi. Өндiрiлген шыны берiктiгiмен ерекшеленедi. Сонымен бiрге шынылардың сапасын қамтамасыз ететiн лазерлiк сканерлеу жұмыстары өз нәтижесiн беруде. Өндiрiлген өнiмнiң сапасы арнайы құрылғының көмегiмен анықталады.
Қазiр мұнда Еуропалық және қайта құру банктiң қолдауымен ИСО 9000 сапа менеджментi жүйесiн енгiзу жұмыстары жүргiзiлуде екен. Демек, ендiгi жерде сапа қатаң бақыланады.
Журналистермен жүздесу барысында кәсiпорын қызметкерi Бекзат Бердiмұратов өндiрiстiк процеспен таныстырды. Шыны жасау үшiн ең әуелi кварцты құм керек. Сондай-ақ, бұрын пайдаланылған шыны ыдыстар да кәдеге жарайды. Шыны қайнататын арнайы пеште белгiленген мөлшермен салынған шикiзат 1500 градусқа дейiнгi ыстықта қайнатылады екен. Бұл дегенiңiз алапат аптап емес пе? Мiне, осындай от-жалында 253 адам еңбек көрiгiн қыздырып жатыр. Ендiгi кезекте олар жасыл түстi ыдыстар шығаруды қолға алмақ.
Түрлi ыдыстарға тығын дайындайтын «Spirit Казахстан» ЖШС жемiс-жидек салатын жәшiктер де жасайды. Олар ендiгi жерде баклажка дайындауды қолға алыпты. Серiктестiкке мемлекеттен 1 млрд. 200 млн. теңге қолдау көрсетiлiптi.
Ал, «BaigR Group» ЖШС-i түрлi төсемдер мен фасадтық панельдер жасайды. «Максимум» АИО ЖШС тарапынан мемлекеттiк қолдауға ие болған серiктестiк жылына 700 тоннаға дейiн өнiм шығара алады.
Пресс-тур келесi күнi «Шымкент май» АҚ-да басталды. Жобалық құны 1575 миллион теңгенi құрайтын кәсiпорынның тәулiгiне 300 тонна күнбағыс, 200 тонна мақта майын шығаруға мүмкiндiгi бар. Цех бастығы Гүлайхан Шалқарованың айтуынша, өнiм Қырғызстан, Тәжiкстан, Иран және Өзбекстанға жөнелтiледi.
«Оңтүстiк Құрылыс Сервис» ЖШС-i темiр-бетон бұйымдарының барлық түрiн шығаруға қабiлеттi. Мұнда шетелден әкелiнген арнайы құрылғы түрлi пiшiмдi құрылыс материалдарын шығаруда таптырмайтын көмекшiге айналған.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ арқылы қаржыландырылған құрылыс компаниясы бүгiнде сексенге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бас технолог Ордабек Серiкбаевтың айтуынша, серiктестiк тұрғын үй салуға машықтанған. Қазiр серiктестiктiң өзi басқаларға материалдар жасап берумен бiрге тоғыз қабатты 4 үйдiң құрылысын жүргiзуде.
«Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «Меga SMART» ЖШС-iне 345,2 миллион теңге инвестиция тартылған 40 адам жұмыс iстейтiн цех кеңсе және асхана жиһаздарын жасайды екен. Серiктестiк басшысы Сергей Хегай шикiзатты Ресейден алдыртатынын айтып өттi. Бүгiнде серiктестiк өнiмдерiне жақын шетелдiктер де тапсырыс бере бастапты.
Аталмыш кәсiпорындар Астана күнi мерекесiне осындай қомақты тартулар сыйлағалы отыр.