Оңтүстік Қазақстан облысында екі қарақұйрық атқан бес браконьер құрықталды

ШЫМКЕНТ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Оңтүстік Қазақстан облысында екі қарақұйрық атқан бес браконьер құрықталды.

Автокөліктің жүк салғышында өздері атып алған екі қарақұйрықты алып келе жатқан браконьерлерді «Охотзоопром» МКК қызметкерлері ұстады. «Арыс-Қаратау мемлекеттік қорығының жер аумағында рейдтік шараларды жүргізу кезінде олар екі қарақұйрықты атып алғаны үшін ұсталды. Табиғатты қорғау аумақтарында аң аулауға тыйым салынған», - дейді «Охотзоопром» МКК инспекторы Исахан Нұрманов.

Оның айтуынша, «Охотзоопром» МКК қорықтық жерлерді қорғаумен айналысады. Инспекторлардың хабарлауынша, бұл 2011 жылғы Арыс-Қаратау қорығындағы браконьерліктің бірінші фактісі. 2010 жылы браконьерліктің үш оқиғасы тіркелді. Заңсыз аңшылардың тарапынан келтірілген шығын 3 млн. теңгені құрады. «Соңғы факті бойынша шығын 1 млн. 300 мың теңгені құрады. Сондай-ақ, тергеу аяқталғаннан кейін сот болып, ол айыптың сомасын анықтайды», - дейді и.Нұрманов.

Қарақұйрықтар Қызыл кітапқа енгізілген. Ондағы мәлімет бойынша, бұл жануарлардың саны азайып келеді және қазіргі күні оның саны 30 000-50 000 басты құрайды. Айта кетер жәйт, ХХ ғасырдың 30-ыншы жылдары қарақұйрықтың саны 200 000 бастан асып жығылатын.