Оңтүстік Корея дәрігерлері Алматыда омыртқа және буын аурулары бойынша тегін консультация беріп, диагностикадан өткізеді

АЛМАТЫ. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыға Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы Ансей ауруханасының дәрігерлері іс-сапармен келеді. Олар 12-15 ақпан күндері «Рахат» көпсалалы медициналық орталығында омыртқа және буын ауруларымен сырқаттанғандарды тегін қабылдап, консультация беріп, диагностикадан өткізбек.

Мамандардың айтуынша, буын, омыртқа аурулары әлі күнге дейін әлемдік медицинаның көкейкесті мәселелерінің бірі болып отыр. Мәселен, әлемдік статистикаға қарағанда жер бетіндегі адамдардың 25 пайызы буын ауруларымен ауырады. Оның 80 пайызын «остеоартроз» немесе «тізе ауруы» құрауда. Ол - ағзадағы зат алмасу үдерісі бұзылғанда, қатты жарақат алғанда пайда болады. Одан әлемде 1,5 миллион, ал Қазақстанда 160 мыңға жуық адам зардап шегеді.

Ал омыртқа ауруларымен, атап айтқанда тірек-қозғалыс жүйесінде ең көп тараған остеохондрозбен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда әлем тұрғындарының 80 пайызы ауырады екен. Мамандар олардың арасында жыл өткен сайын жастардың үлесі артып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Өйткені компьютердің алдында еш қозғалыссыз ұзақ отырудың салдарынан омыртқа сүйектеріне зақым келіп, ол өзге де мүшелердің зардап шегуіне жол ашады. Ол тіпті адамды «белсіздікке» де ұрындыруы мүмкін.