Оңтүстік Қытай теңізіндегі дағдарыс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай және онымен көрші жатқан елдер арасында Оңтүстік Қытай те­ңізіндегі кейбір даулы аралдарға бай­ланысты теке тірес тоқтамай тұр. Мә­селе қалай шешіледі.

Әзірге белгісіз. Бұдан біраз бұрын АҚШ-тың «егер Бейжің Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы аралдарды әскери аймаққа айналдыру әрекетін тоқтатпаса қарсы шараға тап болады» деген ескертуіне Қытай билігі даулы аралдарға өз еге­мен­дігі туралы мәлімдемемен жауап қатқан-ды. Қытай адмиралы Сунь Цзяньго өз елі Оңтүстік Қытай те­ңізінде ешкімге проблема тудырып отырмағанын, ал өзге елдер тудыра­-тын проблемалар мен шиеленістер­ден Қытайдың қорықпайтыны туралы мәлімдеген. Сондай-ақ даулы арал­дарды қорғау үшін зымыран кешен­дерін орнатты. Спутниктен түсіріл­ген суреттерде Қытай, Тайвань және Вьетнам таласып отырған аралға сегіз зымыраны бар екі кешен мен радар жүйесі орнатылғаны айқын көрінген. Қысқасы, соңғы кезде Оңтүстік Қытай теңізінде Қытайдың әскери белсен­ділігі күшейе түскен. АҚШ, Жапония мен Австралия Қытайдың бұл терри­торияға иелігін мойындамайды және теңіз сауда жолы дамыған Оңтүстік Қытай теңізі ауданында теңізде жүруге толық еркіндік берілуін талап етуде. Ал Қытай өз дегенімен жүргісі бар. Тіпті осы апта басынан бастап, Қытайдың әскери стратегиялық ұшақтары Оң­түс­тік Қытай теңізіндегі даулы арал­дарды күзетіп, ұша бастады. Ал бұл өз кезегінде осы аймақтағы тартысты тіпті ушыға түсуі мүмкін. 

Пхеньян мінез танытты

Солтүстік Корея 2004 жылдан бері әлемді үрейде ұстауда. Дәл сол жылы бұл ел алғаш рет ядролық қаруын сы­нап, атом қаруы бар мемлекеттердің қатарына қосылған. Содан бері ядро­лық оқтұмсықты алып ұшатын әртүрлі деңгейдегі зымырандарын сынап жа­тыр. Соның бірі апта басында сынақ­тан өткен. Солтүстік Корея Жапон те­ңізіне бағыттап үш баллистикалық зы­мыран атты. BBC-дің Оңтүстік Корея әскерилеріне сілтеме жасап хабар­лауын­ша, зымырандар Солтүстік Ко­реяның оңтүстігіндегі Хванхэ-Пукто провинциясынан ұшырылған. Оңтүс­тік кореялық әскерилер 500-600 ша­қырым қашықтықты ұшып өткен зы­мырандар елдегі кез келген нысанға тие алатынын айтады. Шілденің ба­сында АҚШ пен Оңтүстік Корея Корей түбегінде Солтүстік Кореяның қауіп-қа­теріне қарсы зымыраннан қорғаныс жүйесін құру жөнінде келісімшарт жа­­салған.THAAD (Terminal High Alti­tude Area Defense) деп аталатын қор­ғаныс жүйесі баллистикалық зымыран мен өзге де биікте ұшатын зымы­ран­дарды қағып түсіреді деп есептеледі. Наурыз айында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі Пхеньянның ядролық сынақ жа­сағаны мен алысқа ұшатын зымыран ұшырғанына жауап ретінде Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларды күшей­-ту туралы қарар қабылдаған болатын. Бірақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бұл айт­қанын ресми Пхеньян пысқырып отырған жоқ. Өйткені өзінің қарулы күштеріне, ядролық қаруына сенеді. Осы елдің қарулы күштерінің мүм­кіндігі жөнінде айта кетелік. Солтүстік Кореяның армиясы 750 мың сарбаз­-дан тұрады. Ал резерві 4,5 млн адам. Халқының жалпы саны (2006 жылғы есеп бойынша) 23,113 миллион. Қару-жарағы: тактикалық зымыран (ракета) ататын 52 қондырғы, 2770 танк, 2440 бронды машина, 12820 артиллерия, 3044 зениттік қондырғы, 646 әскери ұшақ, 512 көмекші ұшақтар, 330 тік­ұшақ, 300 зениттік зымыран ататын қондырғы, 86 әскери кеме, 510 катер, 52 кемеге қарсы зымырандық қон­дырғы, 300 теңіз жағалауындағы әс­керлерге арналған артқондырғы. Ким Чен Ир басқарған солтүстіктердің әс­кери доктринасы қуатты диверсия­-лық-барлау бөлімдерінен тұрады. Ди­вер­сиялық топтар құрлықта да, су ас­тымен, үстінде де, көкте де әрекет етуге арналған. Сондай-ақ жапондық камикадзелердің үлгісімен де жасақ­талған, өз жастығын ала құлау үшін өлімге бас тіккен ұшқыштардың екі бри­гадасы бар. Олар 140 ұшақтан тұ­рады және 200 ұшқыш бар. Бір айта ке­тер жайт, 2006 жылы Солтүстік Ко­рея өзін «ядролық державамыз» деп жариялады. Оның себептері жоқ емес. Кейбір деректерге қарасақ, ол елде 10-12 ядролық заряд және оларды көз­деген жерге жеткізетін зымырандар да бар. Тағы бір мәселе, солтүстіктердің қолында 50-70 шақырым қашықтық­қа жететін «Луна-М» тактикалық зы­мы­раны, 300 шақырымға жететін «Скад», 550-600 шақырымға арналған «Но­дон-1» , 1500 шақырымдық Тепхо­дон-1», сондай-ақ 7 мың шақырым жердегі жауын күйрете алатын «Теп­ходон-2» зымырандары бар. Жалпы, 200 дана «Нодон» және 800 «Скад» бар деп есептеледі. Солтүстіктердің әскері жан беріп, жан алуға даяр, әбден ысыл­ған, отаншылдық рухты бойға сіңір­ген­дер. Неге болса да аянып қалмайтындар.

 

Еревандағы тығырық

Армения астанасы Еревандағы тартысқа әлі нүкте қойылған жоқ. Бұл жөнінде кеңірек тілге тиек етер болсақ, Ереванда полиция ғимаратын басып алған радикалды оппозициялық «Құрылтай парламенті» қозғалысының қарулы мүшелері мен қауіпсіздік күштері арасындағы қарсылық басылмай тұр. 

Қарулы топ кепілге алған жеті адамның үшеуін босат­қан. Бір еске сала кететін жайт, 17 шілдеде таңертең кем дегенде 25-30 болатын бір топ қарулы адам Ереванның оң­түстігін­дегі Эребуни ауданында полиция учаскесін басып алды. Қарулы топ оппозициялық «Құрылтай парламенті» қозға­лысының жетекшісі Жирайр Сефилянді қамаудан боса­туды, Армения президенті Серж Саргсяннің отставкаға кетуін талап етеді. Сефилян өткен айда қарулы көтеріліс жа­­сауды жоспарлады деген айыппен қамауға алынған.Кейбір ақпар бойынша, қарулы топ пен кепілде отырған бір­неше полиция қызметкеріне тамақ пен қажетті дәрі-дәрмек жеткізілген. Бұған дейін Армения полициясы бас­тығының бірінші орынбасары генерал Унан Погосян ке­пілге алынғандар арасында полицияның жоғары шенді екі шенеунігі барын мәлімдеген. Олар бірнеше талап қойып отыр. Ең бастысы, олар өздерінің басшылары, Қарабақ соғы­сының ардагері, «Жаңа Армения» радикалды оп­позициялық ұйымының басшысы, 49 жастағы Жирайр Сефилянның босатылғанын қалайды. Бірақ жағдай қалай шешіледі. Әзірге белгісіз. Билік олардың талаптарын қа­нағаттандыра қоюы екіталай сияқты. Жергілікті сая­сат­танушы Александр Искандарян: «Талаптары орындал­майды. Олар өмірден тым алшақ талаптар қойып жатыр. Біріншіден, олар үкіметтің, президенттің отставкасы мен кезекті сайлау тағайындаудан бастап, Сефилян мырзаны түрмеден босатуға дейін әркелкі талаптар қойды. Топ мүшелері түрлі мәлімдемелер жасап жатыр. Олардың талаптарының ешқайсысын орындау мүмкін емес. Бұл - тығырық. Бейбіт жолмен шешуге бола ма? Білмеймін. Тырысып көреді. Келіссөз жүріп жатыр. Менің білуімше, келіссөзшілер, психологтар жұмыс істеуде. Биліктегілер қантөгіссіз шешуге бар күшін салып-ақ жатыр. Іштен тым радикалды мәлімдемелер айтылып жатыр. Олардың ара­сында өте эмоционалды адамдар бар. Бейбіт жолмен шешу мүмкін болмаса, шабуыл жасалады» дейді.

 

Асад орнын босатуы тиіс 

Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің басшысы Борис Джонсон Сирия президенті Башар Асад қызметтен мүлде кетуі керек деп санайды. 
Егер ол орнынан кетпеген жағ­дайда елде ешқашан тұ­рықтылық болмайды, мұны Ресей билігі түсінуі тиіс. Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігінің басшылығына жаңа­дан келген Джонсон Ресей ха­лықа­ра­лық қоғамдастықтың көзқарасымен есептесуі керек деп есептейді. Сирия ісіне қатысты Сыртқы істер ведомстволары басшыларының кездесуінде Асад билікте тұрған жағдайда елде тыныштылық болмайтынын атап айтты. 
- Мен босып жүрген Сирия халқының қазіргі жағдайын адам баласы­ның басына бермесін деп тілеймін. Тыныштық орнау үшін Башар Асад қызметінен кетуі тиіс және мұны Ресей президентінің тереңірек түсінгені абзал, - деді Борис Джонсон.
Бұл мәлімдемені Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Италия, Гер­мания, Франция, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы және Еуроодақтың жо­ғары өкілдігімен болған кездесуде айтты. 

 

Он шенеунік сотталды 

Тәжікстан Жоғарғы соты төрғасының мәлімдеуінше, өткен жылы қыр­күйек­те Душанбе және Вахдат қала­ларын­да болған бүлікке байланысты құқық­қорғау орган­дары­ның он шенеунігі түрме жаза­сын алды. Сотталғандардың бірі жоғары лауазымды қызметте істе­ген. Бірақ Жоғарғы сот басшысы олардың есімдері мен қызметтерін атаған жоқ.
Тәжікстан Жоғарғы сотының төрағасы Шермухаммади Шохиён Душанбе қаласында баспасөз мәслихатын өткізіп, Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Абдухалим Назарзоданың (Ходжи Халим) бүлігіне қатысты қыл­мыстық істі қарау аяқталғанын мәлімдеді. Ол «Назарзода бүлігі биліктің әрекетсіздігінен болды» деп мәлімдеді.
2015 жылы 4 қыркүйек күні таңертең Вахдат қаласының ішкі істер бөліміне және Душанбе әуежайы маңындағы милиция кезекшілік пунктіне шабуыл жасалды. Билік мұны Назарзоданың адамдары ұйымдастырған деп есептейді. Сол кезде Назарзода Тәжікстан қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқаратын. Қылмыстық топқа қарсы операция Рамит шатқалында 12 күнге созылды. Соның салдарынан 14 полиция қызметкері қаза болып, қылмыстық топтың шамамен 30 мүшесі өлтірілді. Осы оқиғадан соң 200-ге жуық адам қамауға алынды және Тәжікстан соты солардың басым бөлігіне жаза белгіледі. Сот процестері жабық өтті, тіпті мемлекеттік БАҚ сот шешімдері туралы хабар таратқан жоқ.

 

Қос ұшқышты қамауға алды

«Түркия билігі өткен жылдың қараша айында Ресейдің бомбалаушы Су-24 ұшағын атып түсірген қос ұшқышты қамауға алды». Бұл туралы Блумберг агенттігі түркиялық жоғары шенді шенеунікке сілтеме жасап ха­барлады.
«Сирия шекарасы маңында Ресейдің бомбалаушы Су-24 ұшағын атып түсірген екі ұшқыш қамауға алынды» деген хабарды түр­киялық шенеунік оның атын атамау туралы шартпен айтып берген. Бұл туралы «РИА Новости» агентігі жазады.
Ресей мен Түркия арасында салқындық өткен жылдың 24 қарашасында Түркияның жойғыш ұшағы Сирия шекарасы маңында Ресейдің бомбалаушы Су-24 ұшағын атып түсіргеннен кейін басталған. Ресей прези­денті Владимир Путин мұны «арқадан жа­салған соққы» деп атаған еді. Осыдан соң Ресей Түркияға бірқатар экономикалық шек­теулер қойған. Ал маусым айының соңында Путин Түркиямен екі ел арасында сауда-эко­номикалық қатынас қайта қалпына келе бас­тағанын мәлімдегені белгілі.

Дайындағандар: Берік БЕЙСЕНҰЛЫ, Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ