«Біздің институттар мен ұлттық сарапшылар жүргізген болжамдарға сәйкес, қазіргі демографиялық және көші-қон үрдістерді ескере отырып, 2050 жылға қарай оңтүстік өңірлердің халқы 5,2 млн. адамға өседі немесе ел халқының барша санының 55 пайызын құрайды. Сонымен бірге оңтүстік өңірлерде қоныстану тығыздығы солтүстікке қарағанда төрт есеге артық болады, бұл өз кезегінде еңбек ресурстарының өңірлік теңгерімсіздігін ұлғайтады»,-деді министр.
Осы ретте ол белгіленген үдерістерді ескере отырып, өз еркімен өңірлерге қоныс аудару географиясы кеңейгенін жеткізді. Егер де бірінші жылдары облыс ішінде экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден дамыған аудандар мен қалаларға қоныс аудару іске асырылса, 2015 жылдан бастап облысаралық қоныс аудару енгізілді.
«Қазіргі кезде Үкіметпен ішкі қоныс аударуға квоталар анықталды, осы орайда«Оңтүстік-Солтүстік» бағытына басымдық берілді. Бағдарламаны іске асыру кезеңінде бес мың отбасы немесе 18 мың адам өз еркімен көшіп барды»,-деді Т.Дүйсенова.
Оның сөзіне қарағанда, бағдарлама іске қосылғалы бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін 37 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде 98 пайызы баспана, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына бағытталды.