«Оңтүстік» өңірлік әскери бөлімі қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқарды

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат - «Оңтүстік» өңірлік әскери басшылығында ауа райының қолайсыздығына қарамастан жауынгерлік әзірлік жалғасуда.

Алайда, бастапқы жоспарға өзгерістер енгізуге тура келген. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

30 қаңтар күні кешкі сағат 9 шамасында 91678 әскери бөліміне Жуалы ауданының әкімшілігінен Бауыржан Момышұлы ауылынан 20 шақырым жердегі Шақпақ-ата елді мекенінің маңында қар құрсауында қалған  автобустардағы жолаушыларға көмек көрсету туралы өтініш келіп түсті.

Жаңадан салынған Тараз-Шымкент тас жолында автокөлік кептелісі пайда болды. Басшылықтан нұсқау түсісімен, 91678 әскери бөлімінен аталған ауданға әскери бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары, майор Константин Нұрқанов бастаған экипаж аттанды.

Әскери қызметшілер белгіленген ауданға келісімен негізінен алыс қашықтыққа жүретін 60-қа жуық жүк көлігінің қар құрсауында қалғанын анықтады. Құтқарушылар бірінші кезекте «Газель» микроавтобусының жолаушыларына жәрдем көрсетіп, оларды Жамбыл ТЖМ құтқарушыларының техникалық құралдары орналасқан жерге жеткізді. Бұдан кейін Қазақстан армиясының әскери қызметшілері ауыр жүк машиналарына көмектесті. Осыдан соң ТЖМ күштерімен бірлесіп Шақпақ-ата елді мекенінен ОҚО шекарасында орналасқан «Шеп» постысына дейінгі көлік кептелісінің  жолы аршылды. Құтқару жұмыстары 31 қаңтар күні сағат 6-ға дейін жалғасты. Жол кептелісінен зардап шеккендер жоқ. Әскери бөлім командирі подполковник Асхат Абдуваитов құтқару жұмысына қатысқан  экипаж құрамына  алғыс жариялады.