***
Кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек аймақтарға жұмыс сапары барысында Ақмола облысында болды, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы « Қоғамдық қатынастар сапасы назарда » атты мақалада.
Басылымның атап өтуінше, Көкшетау қаласында партия Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек пен Ақмола облысының әкімі С.Кулагин өңірдегі жетекші кәсіпорын - «Тыныс» АҚ-тың тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда өндірістік-техникалық мақсаттағы тауарлардың жетпістен астам түрі шығарылады. Үнемі ізденіс үстіндегі кәсіпорын өткен жылдың аяғында Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде газбен жабдықталған үлгідегі, жылына 1000 тонналық қуаттағы құйма цехын пайдалануға берді. Зауыттың бас директоры Мұхтар Керейбаев жаңа өндірістік желіні жұмыс барысында таныстырып, тиісті мағлұматтар берді.
Жастармен кездесуде де Б.Байбек билік партиясы өз қызметінде жастар саясатына айрықша басымдық беретінін атап өтті. Әсіресе, ол «Нұр Отан» жобаларының облыста, оның ішінде «Тыныс» акционерлік қоғамында қызу қолдау тапқанына ризашылық білдірді. Зауыт басшыларының айтуынша, бүгінгі таңда «Кедергісіз келешек» жобасының аясында 24 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасты. «Сәтті қадам» жобасының шеңберінде оған қатысушылардың өндірістік, кәсіби тәжірибеден өтуі жөнінде меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ, «Жастар Отанға!», «Жастар кадрлық резерві» жобаларына қатысты да оң қадамдар жасалуда. Бұл жобалар жастар арасында зор сұранысқа ие. Өйткені, олар еліміздегі жас ұрпақты тәрбиелеуге, қолдауға, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына бағытталған.
Қазіргі таңда егін ору науқаны республикамыздың сегіз аймағында жүргізілуде. 2014 жылы барлық ауылшаруашылық дақылдарының егістік алқаптары 21,8 млн. га. құрады, солардың ішінде дәнді, дәнді-бұршақты дақылдар 15,6 млн. га., оның ішінде бидай 12,8 млн. га., майлы дақылдар шамамен 2,3 млн. га., мақта 128,9 мың га., қант қызылшасы 1,8 мың га., картоп және көкөніс-бақша дақылдары тиісінше 182,0 және 223,2 мың га., жемдік дақылдар 3,5 млн. га. алқапта егілген. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Орақ науқанының барысы қалай?» деген мақалада жазып отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, үстіміздегі жылғы 14 тамыздағы жағдай бойынша 7,6 млн. га. немесе 49,7% дәнді дақылдар егістігі жақсы күйде, 6,7 млн. га. немесе 43,9 % қанағаттанарлық, 0,8 млн. га. немесе 5,5 % нашар күйде, 0,1 млн. га. немесе 0,9% дәнді дақылдар егістері жойылған.
«Қазгидромет» РМК-ның ғарыштық мониторинг деректеріне сәйкес биыл дәнді дақылдар түсімі шамамен гектарына 11 центнер деңгейінде болжануда. Осылайша, астықтың болжамды жалпы өнімі ағымдағы жылы бункерлік салмақта шамамен 17,0 млн. тоннаны құрайды.
2014 жылғы 19 тамыздағы жағдай бойынша ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер 943 мың га. алқаптың дәнін жинап, 1 млн. тоннадан астам астық бастырған. Жамбыл (8,1 ц/га.) және Ақтөбе облыстарында (4,1 ц/га.) дәнді дақылдардың өсіп-өну кезеңіндегі ауа райының құрғақшылық жағдайларына байланысты өнімділік төмен деңгейде болды.
***
Оңтүстікте халық саны баршылық. Әсіресе, жастар. Соларды солтүстік өңірлерге апару, елдің ішкі көшін ұйымдастыру, барған жастарды «жерсіндіру» тек әлеуметтік қана мәселе емес, мұнда ішкі саясат та бар. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Оңтүстік жастары солтүстікке баруға дайын ба?» деген мақалада жазды.
Басылымның жазуынша, ең алдымен, бейімделуге кімдер дайын тұрады? Әрине, жастар. Мектепті жаңа бітірген, кәмелеттік жасқа толған жастарды солтүстіктегі жоғары оқу орындарына көптеп тарту - мәселенің бір жағын жеңілдетер еді. Ол үшін бізге ең алдымен бірнеше басты мәселелерді шешіп алған дұрыс. Ол қандай мәселе? Ең алдымен, баспана. Білім алуға барған жастар үшін тұратын мекенжай маңызды. Ата-анасынан алысқа аттап шықпаған баланың басты қажеттілігі - жатақхана болары белгілі. Оңтүстіктен ат арылтып алған баланың әлеуметтік жағдайын жасау арқылы сол ортаға бейімдей аламыз. Екіншіден, грантты жеңіп алған баланың сол елді мекенде түбегейлі қалып қоюы үшін жұмыспен қамтамасыз ету - басты назарда болуы тиіс. «Екі қолға - бір күрек» табылады деп жәй жұбата салудың күні өткен. Нақты жұмысы бар, қолында дипломы бар жастар солтүстіктің де ауа райына, тұрмысына көндігеді. Қаймағы бұзылмаған оңтүстіктің қазақы салт-дәстүрін, рухани қайнарларын бірге алып келеді. Ондағы жергілікті тұрғындардың барынша қазақылануына қолғабыс жасайды. Осы себепті де, ішкі көші-қонды реттеуді алдыңғы кезекке қойғанымыз абзал.
Мақала аясында оңтүстік жастары солтүстікке баруға дайын ба? деген сауалға Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл жауап берген екен. « Бір ғана мысал, Оңтүстік Қазақстан облысының кейбір халық тығыз орналасқан ауылдық округтерінде мамандардың айтуынша, жылына 2 мың сәби дүниеге келетін ауылда қазірдің өзінде 45 мыңнан астам тұрғын мекендейді. Осы сияқты демографиялық өсу қарқыны жоғары елді мекендер көп. Сондықтан болар мұндай халық тығыз орналасқан аймақтарда жер жетіспейді. Ал оңтүстік халқы жерді қалай баптауды біледі. Азаматтарға егістік жерлері игерілмей жатқан аудан, қалалардан жер беріп, жағдайын жасаса, біреуі егін егіп, біреуі бау-бақша, келесісі мал өсіріп, өз шаруасын дөңгелентіп әкетер еді», - дейді.
Қазақ қоғамында тоқал тақырыбының «темір құрсаудан» шыққаны 1990 жылдардың бас кезіне келеді. Оған дейін бұл тақырып бізде өзімен бірдей қартайып келе жатқан қосағына көңілі толмай жүретін азаматтарымыздың қиялында, кей жағдайда отбасылардың ас үйінде талқыланып жүрді. Бұл тақырыптың «құрсаудан» шығып кетуіне коммунистік қоғам да жол бермеді, деп жазады «Айқын» бүгінгі санындағы «Тоқал тақырыбының «толқыны» атты мақалада.
Басылымның атап өтуінше, саясаттанушы Дос Көшім тоқал тақырыбының белең алып кетуіне себепкер болған жайттарға арыдан тоқталды. Кеңес өкіметінің отбасылық құндылықтары туралы заңдары бір әйелмен шектеліп қалуды қолдағанмен, сонымен, бір мезгілде екінші әйелге де «ара-тұра барып тұруға» рұқсат берген көрінеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ондай солқылдақ баптарға біздің күнделікті тұрмыс-салтымызға дөп келмегендіктен, қажеттілік болмады. Тоқал тақырыбының соншалықты өзекті екендігін біздің қоғамға бірден сезіндірген де осы жайт болса керек. 1981 жылы отбасын құрып, 1990 жылдардың бас кезінде алғашқы қосағымен заңды некеге тұрған Дос Көшім ерлі-зайыптылардың арасын ешқандай заң емес, бір-біріне деген махаббат қана жалғайды деген ойды үнемі айтып жүреді екен.
Әлемде АҚШ-тан өзге бірде-бір ел отбасылық қарым-қатынасты заңмен реттеуге тырыспаған. «Американың мұндай қадамдарға не үшін барғанын сол елге жолым түскенде білдім. Елдің шалғай орналасқан провинциясында бір еркектің он әйелмен немесе бір әйелдің бес-алты еркекпен бір мезгілде қатар тұруы тіпті шектен шығып кеткен соң, оны заңмен реттемек болған» - деген Дос мырза бұл мәселенің аяқ астынан неге өзекті бола қалғанын және Парламентте бір емес, бірнеше рет қаралғанын қабылдай алмайтындығын айтты. «Тоқал балаларының құқығын заңмен қорғау керек» дегенді мен де естіп қаламын. Мұның астарында әкесінің мұрасына тоқал балалары да дәмете алады деген ой жатыр. Бұл дұрыс емес. Нағыз әке балаларын бөліп-жарып қарамайды. Одан бөлек, мұрасын кімге қалай бөліп беремін десе де әкенің өз еркі. Бүкіл байлығын балаларына емес, қоғамдық қорға немесе мемлекет пайдасына аударып жатқандар жайлы жиі естиміз. Сондықтан осы ұсақ-түйекке бола отбасылық құндылықтарға өзгеріс енгізіп, оған заңмен ықпал етуге әуреленудің қажеті жоқ. Ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас Алладан берілген махаббатпен ғана алға жылжиды, тамырланады», саясаттанушы.
***
«Литер» газеті «Без крыши» атты мақаласында жазуынша, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының психикалық денсаулық сақтау орталығының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Қуаныш Алтынбеков қазақстандықтардың өз ішіндегі мұң-наласын тек қызметтестерінен ғана емес, тіпті үй ішіндегі адамдардан жасыратынын бүгінгі күннің үлкен проблемасы дейді. Оның басты себебі - қарым-қатынастың жоқтығы. Біздің халықта егер біреу «жындыханада» емделетін болса, «ол малғұн, есуас», деп,барлық өміріне қара таңба салу әдеті бар.
«Иә, бізде әлі психолог, психотерепавт немесе психиатр дегендердің ара-жігін ажырата алмайтындар өте көп», - дейді ол.
Оның айтуынша, өздерін саумыз деп есептейтін, алайда неше түрлі экстрасенстерге, құмалақшылар мен сиқыршыларға баратындардың үштен бірі өздерінің психосоматикалық аурулармен ауыратынын сезбейді де. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, елімізде құмалақшы, бақсы-балгерлерге баратындардың көбі әйелдер екен және олардың көбі жоғары білімді болып келеді.