Бас дәрігерлермен болған жиын барысында өңірдің денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен жеке қызметтер секторын дамыту мәселелері қаралды. Cондай-ақ ауруларды басқару бағдарламаларын цифрландыру және әзірлеу, ауруларды емдеуден алдын-алуға көшу, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу, кадрларды даярлау, денсаулық сақтау нарығын ырықтандыру және жекеменшік ұйымдардың әкімшілік кедергілерін азайту, инвестициялар тарту, инфрақұрылымды жетілдіру және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту жайы сөз болды. Бұл ретте Үкімет басшысы медицинадағы жаңа технологияларға көңіл бөліп, өңірдегі емдеу мекемелерін цифрландыру жүйесіне көшіру мәселесін тездету қажеттігін атап өтті. Себебі, облыстағы емдеу мекемелері интернетке қосылмаған, бүгінгі күнге мекемелердің интернетпен қамтылу деңгейі 78 пайызды құрайды.
«Мәселен Шымкент қаласы интернетке қосылған. Қаладағы емдеу мекемелерін цифрландыруға көшіруге не кедергі болып отыр. Соны жасап айтыңызшы миллион халқы бар Шымкентте барлығы цифрландыруға көшірілген деп, тұрғындар үйден шықпай смартфон арқылы дәрігерге жазылып жатыр деп. Денсаулық бойынша ақпаратын алып отыр деп. Ал, аудандарды интернетке қосу мәселесі біртіндеп шешілетін болады. Ол күн тәртібінде қамтылып отыр»,- деді Бақытжан Сағынтаев.
Жиында оңтүстік өңірде ауруханалар мен емханалар жетіспеушілігі жөнінде қордаланған проблемалар да айтылды.
«Халқы тығыз орналасқан Сарыағаш ауданында жедел жәрдем қызметі жетіспейді. Шалғайда орналасқан Шардара, Мақтарал және Сарыағаш аудандарында 700 мыңдай халық тұрады. Ол жерлерге перзентхана, емхана салу қажеттілігі туындаған. Сондай-ақ мамандар тапшылығы бойынша 195 дәрігер жетіспейді. Бізге көбінесе педиатр, неанатолог, реаниматолог дәрігерлер жетіспейді»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.
Бұл мәселелерге орай Үкімет басшысы денсаулық сақтау саласы бойынша нақты жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын, аталған мәселелердің барлығын ерекше бақылауда ұстап отырғанын атап өтті. 2017 жылы жеке секторға қойылатын шектеулер 1,7 есе жойылды. Бұл денсаулық сақтау саласына салынатын жеке инвестицияларды екі есеге - 44,2 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға жол ашады. МӘМС жүйесін енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда: заңнамалық база құрылды, өткен жылдан бастап қор жұмыс істей бастады, жұмыс берушілер ақша аударымдарын жүргізіп жатыр.
«Жедел-жәрдем жетіспеушілігі бойынша бізде қалаларда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, пациентке шақырылған жедел жәрдемге шыққан бригада компьютер арқылы ол науқастың кім екенін, қандай аурумен ауырып жатқанын біліп отыратын болады. Бұл туралы алдын ала ақпарат береді. Бұған біз көшіп жатырмыз. Екінші мәселе, көшеде автокөлік көп. Уақытылы жету қиын. Осыған енді шақырту түсе салысымен жедел жәрдем қызметі жол патрульдік полициясына хабар береді, қай жерге, қай көшеге, қай үйге бара жатқаны жөнінде. Осыған полицейлер ол көлікке бағдаршаммен жасыл дәліз жасайды. Яғни жедел жәрдем қызметінің көлігі бағдаршамның қызыл түсіне тұрып қалмайды. Қазір осы мәселені тиісті мамандарға тапсырма беріп, жүзеге асыруын қарастырып жатырмыз»,- деді Үкімет басшысы.
Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ жер-жерлерде жекеменшік клиникалар ашу керектігін айтып өтті. Қазірдің өзінде жеке клиникалар ашу үшін қойылған ондаған талаптардың қысқартылғанын тілге тиек етті.
Ал, еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева болса республикада ауылдық жерлердегі емдеу мекемелерінің 39 пайызы интернетке қосылмағандықтан олардың тізімі жасалып, Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне тапсырылғанын жеткізді. Жоспар бойынша бұл елді мекендер 2021 жылға дейін ғаламторға қосылатын болады.