Оңтүстіктен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне 1650 оқушы аттанады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Астана төрінде өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне оңтүстік өңірден 1650 бала аттанады. Жергілікті кәсіпкерлер жас толқынға осындай мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Сарыарқа жеріне жол тартатын балалардың басым бөлігі әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдер. Олар халықаралық көрмеге 11 топ болып аттанады. Бұл сапар 2 ай уақытты қамтиды. Жас өрендер онда көрменің жәрмеңкесін тамашалап, әр күндері кестеге сай мәдени іс-шараларға қатысады. Бас шаһарға жетісімен олар Назарбаев университетінің жатақханасына орналасады.

«Республикамыз бойынша басталған бұл игілікті іске туризм саласының мамандары атсалысып отыр. Туристік компания қызметкерлері мен педагогтар балалардың қасында болады. Осылайша, тәуелсіз еліміздің төл перзенттері мемлекеттік маңызы бар басқосуға қатысып, тамаша көңіл-күймен туған елге оралатын болады»,-дейді жергілікті кәсіпкер Денис Жәрменов.

Ұйымдастырушылар әлемдік деңгейде өтетін халықаралық көрмеге шымкенттік өрендерді қатыстыру арқылы олардың отансүйгіштік қасиеттерін арттыруға, ұлттық рухын асқақтатуға күш салмақ.