Оңтүстіктен солтүстікке: көші-қон бағдарламасы қалай жұмыс істеп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Соңғы жылдары еліміздің оңтүстік өңірлерінен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударушылар саны айтарлықтай артты. Бұған бірнеше себеп бар. Ең алдымен — халық тығыз орналасқан оңтүстіктегі жұмыссыздық мәселесі. Ал солтүстік аймақтарда керісінше еңбек күшінің жетіспеушілігі. Ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында берілетін баспана, жұмыс және қайтарымсыз гранттар да көпшілік үшін жаңа өмір бастауға керемет мүмкіндік.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Алматыдан ауылға

Есіл ауданы Явленка елді мекеніне көшіп келген жас отбасының бірі — Қуанышбек пен Мариям. Бұрын Алматыда пәтер жалдап тұрған ерлі-зайыпты 1,5 апта бұрын ғана баспаналы болды.

— Жеке өзіміздің кішкентай мемлекетіміз. Бұл үйде бір-екі жыл тұрып, сіңісіп алайық, кейін күрделі жөндеу жүргізіп, үй ішіне сәнді жиһаз алғым келеді. Әзірге барымен базар, — дейді Мариям Серікқызы.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Мариямның айтуынша, үлкен қалада жас отбасыға өмір сүру қиын. Тіпті жақсы табыс тапқан күннің өзінде баспана жалдау, күнделікті шығын мен бала тәрбиесіне кететін қаражат отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіреді. Сондықтан олар үшін солтүстікке көшу — тәуекел ғана емес, нақты есеппен қабылданған шешім.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Қазір отбасы ауыл өміріне бейімделіп жатыр. Биыл алғаш рет бақша екпек. Ауыл тұрмысы оларға таңсық емес. Себебі екеуі де ауылда өскен.

— Үкіметтің беріп отырған мүмкіндігін мейлінше жақсы жағынан пайдалану қажет. Осындай үй береді, көшіп келгеннен кейін адам басына ақша бөлінеді. Дипломың болса жұмысқа орналастырып береді. Жергілікті адамдары да, тұрған жеріміз де жақсы, ауа райына қатысты қолайсыздықтар бар, бірақ біз үйреніп кеттік, — дейді Мариям.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Қайырбектің айтуынша, бұл шешімді қабылдауға ата-анасы әсер еткен. Олар солтүстікке алты жыл бұрын көшіп келген екен. Жас отбасы ауылдағы тұрмысты көріп, осы жақта қалуға бел буған. Жоғары білімді инженер бүгінде жаңа мамандықты игеріп, бағдарламамен келген қандастарға құжат рәсімдеуге көмектеседі.

— Менің міндетіме бағдарламамен көшіп келген қандастарға үй алу үшін келісімшарттар әзірлеу кіреді. Мен мұндай жұмысты істеп көрмегенмін, өзім оқыған колледжде арнайы пәннен екі жыл мұғалім болдым, одан кейін өндірісте 4 жыл жұмыс істедім. Қазіргі ұжымымда әріптестерім өте жақсы, солардың арқасында біраз нәрсені үйреніп қалдым, — дейді Қайырбек Қуанышбек.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Тәуекелмен келген табыс

Қызылорда қаласының тумасы Қанат Әуелбек отбасымен биылғы қысты Қазақстанның солтүстігінде, Чириковка ауылында өткізді. Негізгі мамандығы жол инженері болғанымен, қазір ол мал шаруашылығымен айналысып жүр.

— Біз бұрын мал ұстап көрмегенбіз. Былтыр қыркүйек айында көшіп келіп, қораны толық салып үлгермедім. Әзірге 4 сиырымыз бар. Тауықтың екі түрін сатып алдық. Қайсы тиімді, қысқа төзімді, соны зерттеп жатырмыз. Кейін тауық қора салып, жұмыртқа өнімін ұлғайтсақ па деп отырмыз. Биыл үйрек те алдым. «Шегірткеден қорыққан егін салмайды» дейді ғой. Білмегенімізді үйреніп жатырмыз. Ауылға көшіп келгендегі мақсатым да осы мал шаруашылығымен айналысу болатын. Сондықтан жұмыс іздегенім жоқ, жеке кәсіпкермін, — дейді Қанат.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Қазір отбасы құрт, май, ірімшік, жұмыртқа сатады. Табиғи өнімге сұраныс жоғары. Кейде тапсырысты уақытында орындап үлгермейтін кездер де болады екен. Іскер азамат әлі де мал басын көбейтпек. Жұмысты жеңілдету үшін сепаратор және май шайқайтын аппарат алып, керек-жарағын түгендеп қойған. Келер жылы аудан орталығы Явленка ауылында фермасының өнімдерін сататын дүкен ашпақ.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Сұраныс өте көп. Қазір майдың келісін 6 мың теңгеден сатып жатырмыз, қалада 7-8 мың теңге деп айтады. Жұмыртқаның оны — 500 теңге, дүкеннен арзан. Көшуге көбі қыстан қорқады. Отын-көмірді дұрыс дайындаса, еш қиындығы жоқ. Үй жылы, қыста терезе ашып отырған күндер болды. Ауылда тыныш, ешкім мазаны алмайды, бәрі өзіміз сияқты қарапайым, — дейді Қанат Әуелбек.

Зәуре Башенова жұбайы Қанаттың барлық бастамасын қолдайды. Ерлі-зайыптының төрт баласы бар. Тұңғышы — 13-те, кенжелері — 5-те. Шаңырақтағы береке-бірліктің арқасында отбасының ісі өрге басып келеді.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Зәуре де жоғары білімді маман. Әртүрлі салада жұмыс істеген. Қазір екінші мамандық алып жатыр. Болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеуді жоспарлаған.

— Ауылға көшудегі басты мақсатымыз — балалардың болашағы. Табиғи өніммен қамтамасыз ету, жағдайларын жасау, — дейді Зәуре Башенова.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Қоныс аударушыларға қандай мемлекеттік қолдау бар?

Солтүстік өңірге қоныс аударған азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, көшіп келген әрбір отбасы мүшесіне бір реттік материалдық көмек ретінде 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 302 750 теңге қаржы төленеді.

Сонымен қатар тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызмет ақысын өтеу үшін бір жыл бойы ай сайын қаржылай қолдау көрсетіледі. Ауылдық жерде тұратын азаматтарға айына 64 875 теңгеден 90 825 теңгеге дейін, ал қалалық жерде 86 500 теңгеден 129 750 теңгеге дейін беріледі.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Бұдан бөлек, отбасы құрамына және қоныстанатын елді мекенге байланысты экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Оның мөлшері — 1625 айлық есептік көрсеткіш немесе 7 млн теңге. Бұл сертификат қоныс аударған азаматтарға бір жыл ішінде өздері таңдаған тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік береді. Ал қалалық жерлерде тұрғын үйді ипотека арқылы сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.

— Бұл жерде бір талап — 5 жыл осы өңірде тұруы керек. Келіп жатқандардың көбі Оңтүстік өңірлерден, еліміздің батысынан, Алматы, Астана қалаларынан да қоныс аударғандар бар. Жалпы республика бойынша ең жоғарғы квота Солтүстік Қазақстан облысында. Биыл 800 отбасыны, 2820 адамды қабылдауымыз керек. Оның 66% келіп қойды, — дейді СҚО Еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұрлан Биболаев.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Ауылдан біздің неге кетеді…

Ресми статистикаға сүйенсек, қоныс аудару бағдарламасы аясында 2016 жылдан бері облысқа 19 мың адам, яғни 5300-ден астам отбасы көшіп келген. Бұл — қоныс аударған қандастарды есепке алмағанда.

Алайда, 2023-2025 жылдары 886 отбасы немесе шамамен 3 мың адам оңтүстікке қайта көшіп кеткен. Басты себептердің бірі — климат. Оңтүстіктің жылы ауа райына үйренген адамдар үшін ұзақ әрі аязды қыс оңай соқпайды.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Суық ауа райы өмір сүру сапасына, отбасылық бюджетке әсер етеді. Бізде газ жоқ болғандықтан пеш жағу керек, кейбіреулер шыдамай, газбен қамтылған өңірге оралады. Отбасындағы жеке мәселелері бойынша, денсаулықтарына байланысты кететіндер бар. Шаруа қожалықтары қолдау көрсетіп, алдарына мал салып береді, кейбірі сол алған малдарын сатып, қаражатты пайдаланып кетеді. Мұндай да мәселе бар. Бірақ біз қазір оларды сотқа беріп, мемлекеттің ақшасын қайтаруға тырысып жатырмыз, — дейді орталық директоры Нұрлан Биболаев.

Маманның айтуынша, соңғы үш жылда қайта көшіп кеткен отбасылардың шамамен әр үшіншісі ғана материалдық көмекті қайтарған. Қазіргі таңда 92 отбасыға қатысты іс сот қарауында жатыр. Олар мемлекетке 131 млн теңгені қайтаруы тиіс.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Бұған дейін Шымкенттен 200-ден астам адам жұмыс күші тапшы өңірлерге көшкенін жазған едік.  

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform