ОРАЛ. KAZINFORM – «Ел ырысы» базарында мал союға арналған орында газ баллонының жарылуы салдарынан жансақтау бөлімінде жатқандар саны 4 адамға жетті.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен нақтылағанындай, қазіргі кезде денесін күйік шалған 3 ер адам қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімшесінде ем алып жатыр.
«Тағы 4 ер адам политравма бөлімшесінде. Соның ішінде бұдан бұрын ауруханаға жатудан бас тартқан бір адам қайтып келді. Сонымен қатар облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген жасөспірімнің біреуі жансақтау бөлімінде. Екіншісі политравма бөлімшесінде. Облыстың штаттан тыс бас травматологы және аталған ауруханалар басшыларының қатысуымен арнайы консилиум өткізілді. Сондай-ақ Астана және Алматы қалалары апаттар медицинасы орталығы реаниматологтарымен және комбустиологтарымен бірлескен телемедицина жүргізілді. Емдеу тактикасы келісілді», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда мал соятын орында газ баллоны жарылғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Оралда базардағы жарылыс салдарынан бір адам жансақтау бөлімінде жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).