ОРАЛ. Желтоқсанның 31-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қалалық бюджетінің шығыс бөлігі 2010 жылы 17,1 млрд. теңге болмақ,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық мәслихаттан түскен мәліметке қарағанда, алдағы жылы білім беру саласына - 5,2 млрд., соның ішінде 45 мектепті ұстауға 3,4 млрд. теңге қаралып отыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа 2,6 млрд. теңге бөлінсе, соның 734 миллионы - жолды күтіп ұстауға, контейнер сатып алуға, 712,6 миллионы жылу желілерін жөндеуге жұмсалмақ. Әлеуметтік салаға - 752 млн., мәдениет пен спортқа 307,5 млн. теңге қарастырылды.
Биыл қалалық бюджеттің кіріс бөлігі едәуір ұлғайды. Өткен жылы салықтық түсім 7 млрд. теңгені құраса, биыл 10 млрд. теңгеден асты. Жаңа өндіріс орындарын ашу, «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы бойынша құрылыстар салу ісі жалғасып, сондай-ақ 9-ықшам ауданда 320 орындық балабақша бой көтермек. «Жол картасы» одан әрі өрісін тауып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Қосымша қаржының түсуіне қарай бюджет нақтыланатын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).