ОРАЛ. 12 қараша. ҚазАқпарат - Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов шаһардағы «Мирлан», «Тұлпар», «Мәскеу» және Ж.Досмұхамедов көшесі бойындағы базарда болып, жағдаймен танысты. Істің мән-жайына қаныққан қала басшысы рұқсат етілмеген жерлердегі сауда-саттыққа тосқауыл қою жөнінде кәсіпкерлік бөлімі, санэпидқадағалау, ішкі істер басқармасы және салық органдарына тапсырма берді.
Қала әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, А.Көлгінов ет, сүт, көкөніс және балық павильондарын аралап, сатушылармен, тұтынушылармен тілдесті, бағаларға көз жіберді. Мәселен, «Мирлан» базарында халық тұтынатын тауарлар, азық-түлік өнімдері, киім-кешекке дейін сатылады. Сырттан әкелінген, сондай-ақ жергілікті өнімдер де баршылық. Балық және көкөніс өнімдерін сатушылар базар маңында рұқсат етілмеген жерде сауда-саттық жасайтындарға шара алу қажеттігін тілге тиек етті. Біріншіден, бұлар санитарлық тазалықты сақтауға мән бермейді, екіншіден, ешқандай салық төлемейді. Қала әкімі рұқсат етілмеген жерлердегі базарлармен күрес жүргізіліп жатқандығын мәлім етті. Бірқатары жойылса, «Балабақша» базарында тәртіп орнатылды. Қазір жөндеу зауыты маңындағы базарда осындай жұмыс жүргізілуде.
Қала әкімі базар басшыларына нақты міндеттер жүктеп, өркениетті түрде, қыс пен жазда бірдей жұмыс жасай алатын, автотұрағы бар жабық сауда нысандарын тұрғызу, ең бастысы, сол аумақта тәртіп орнату қажеттігін атап көрсетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).