ОРАЛ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бүгін Орал қаласында «Біз + Мы» Қазақстан-Ресей жастарының форумы басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орынбор мен Ақ Жайық өңірінің жастары дөңгелек үстел басында өзара бас қосып, өзекті мәселелерді талқылайды. Әсіресе, екі облысқа ортақ Жайық өзенінің экожүйесі жастарды да бей-жай қалдырмақ емес. Сондай-ақ олар «Интеграция жолында қос қаланың бірыңғай ақпараттық кеңістігі», «Жастар ұйымдары мен саяси партиялардың идеологиялық жұмысы», «Жас отбасы институтын қадағалау. Жас отбасы: оның құрылуы мен жаңа өмірге бейімделуі» секілді тақырыптарда ойларын ортаға салады.
Достығы жарасқан жастар волейболдан жолдастық кездесу өткізіп, қаланың көрікті жерлерін аралайды.
Форум ертең қорытындыланбақ.
Осындай басқосу өткен жылы Орынбор қаласында ұйымдастырылған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).