ОРАЛ. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында есірткі затын өткізумен айналысқан педагогикалық колледждің 3 курс студентін анықтады.
Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, іс-шара барысында белгілі болғанындай, ол 3 ақпан күні Гагарин көшесі аялдамасында 10,42 грамм марихуана есірткі затын сатқан. Ал 25 ақпан күні Досмұхамедов көшесі мен Достық даңғылының қиылысында аталған есірткі затының 2,01 грамын өткізген.
Полицейлер 3 сәуір күні есірткі сатушыны ұстау мақсатында тұрғылықты мекенжайын тексерген кезде, 7,2 грамм марихуана тәркіленген. Сондай-ақ үш ұялы телефон мен сонша алтын бұйым табылған. Күдіктінің бұл заттарды ұрлаған не ұрламағандығы тексерілуде.
Күдікті қазіргі уақытта Орал қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изоляторында қамауда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).