Орал қаласында индустрияландыру картасы аясында 12,1 млрд. теңгеге 24 жоба жүзеге асырылуда

ОРАЛ. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Орал қаласында индустрияландыру картасы аясында 12,1 млрд. теңгеге 24 жоба жүзеге асырылуда.

Қала әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, бұл 1077 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ биыл «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес 13,5 млрд. теңгенің 62 жобасы мақұлданды.

Қалада шағын және орта бизнес қарқынды дамытылуда. Күні бүгін 28,8 мың шағын бизнес нысаны тіркелген, бұл өткен жылғыдан 23 пайызға артық. Қала кәсіпкерлері 45,9 млрд. теңгенің өнімін өндірді, бұл 8 пайызға көп. Биылғы он айдың өзінде шағын және орта бизнес нысандарынан 12,4 млрд. теңге салық түсті.

Қала экономикасының барлық саласында 4954 жұмыс орны ашылды, бұл көрсеткіш 9,4 пайызға өсті. Биылғы он бір айдағы орташа жалақы 85139 теңгеге жетіп, өткен жылғыдан 7 пайызға артты. Тек «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында ғана Оралда 154 жұмыс орны ашылды.