ОРАЛ. Қаңтардың 11-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкері К.Жұмашевтің үстінен ҚР ҚК 251-бабы 1-бөлімі және 308-бабы 4-бөлімі «в» тармағы бойынша қылмыстық істер қозғалып, қамауға алынды.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, К.Жұмашев өткен жылы қараша айында Орал қаласы Достық даңғылы бойында мас күйінде келе жатқан В.Пушкарскийді тоқтатқан. Бұл азаматтан тексеру кезінде атыс қаруына айналдырылған ИЖ-79 маркалы газды пистолет пен оның екі патроны табылып, алынған. Алайда бұл фактіні К.Жұмашев жасырып қалып, кейін осы «қызметі» үшін В.Пушкарский оған ұялы телефонды сыйға тартқан.
Қаңтардың 5-інде К.Жұмашевке аталған баптар бойынша айыптар тағылып, бір күннен соң Орал қалалық соты қамау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы санкция берді. Облыс прокуратурасының жазбаша нұсқауына сәйкес осы қылмыстық іске байланысты қажетті тергеу амалдары жүргізілетін болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).