Орал қаласында самбодан ҚР Президентінің жүлдесі үшін әлем кубогінің кезеңі басталды

ОРАЛ. 29 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласында 29 қаңтарда самбодан ҚР Президентінің жүлдесі үшін әлем кубогінің кезеңі басталды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өткізіліп отырған жарысқа Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия, Оңтүстік Корея, барлығы он екі елден 200-ден астам спортшы қатысуда.

Елбасы жүлдесі үшін әлем кубогінің кезеңі Оралда бұдан бұрын да ұйымдастырылған болатын. Бұл жолғы сайыстың ерекшелігі, қатысушы елдер мен спортшылар саны әлдеқайда көбейіп отыр. Мәселен, Ресей толық құрамда келсе, мұндай жарысқа көп ат ізін сала бермейтін Оңтүстік Кореядан жиырма самбошы келді. Боз кілемге шығатын атағы жер жарған спортшылар да баршылық. Мәселен, 52 килә салмақтың өзінде екі дүркін әлем чемпионы, өзбекстандық Шавқат Жораев, әлем кубогінің жеңімпазы, дүниежүзілік біріншіліктің күміс жүлдегері, ресейлік Валерий Сороноков бақ сынамақ. Армения құрамасының сапында өткен жылы Ташкентте 74 килә салмақта әлем чемпионы атанған Ашот Даниелян бар. Қазақстан құрамасы да осал емес. Бапкерлер Азия чемпионы Медет Оңдағанов, сондай-ақ Асхат Шайхиев, Бағдат Жарылғасов сынды жастарға үміт артып отыр. Самбодан үш мәрте әлем чемпионы, әлем кубогінің иегері, батысқазақстандық Ерболат Байбатыров олимпиадалық ойын түрі - дзюдоға ауысқандықтан, бұл жарысқа қатыспайды.

Оралдағы әлем кубогі кезеңінде ерлер мен әйелдер тоғыз салмақ дәрежесінде сынға түседі. Жарыс екі күнге созылып, Астанада қысқы Азия ойындары ашылатын 30 қаңтар күні мәреге жетпек