18:24, 07 Мамыр 2009
Орал қаласында жалған қоңырау шалып, табыс тапқан азаматтың үстінен он қылмыстық іс қозғалды
ОРАЛ. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Орал қаласында жалған қоңырау шалып, алаяқтықпен табыс табушылар көбейіп кетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық ішкі істер басқармасынан түскен мәліметке сілтеме жасап.
Мұндай алаяқтар телефон арқылы хабарласып, өздерін ішкі істер органының қызметкерімін деп таныстырып, «жемтігінің» көңіл-күйін бақылай тұра, ері немесе ұл-қызы, немересінің қылмыстық оқиғаға қатысы бар екенін айтады. Істі жауып тастау үшін көп ақша немесе ұялы телефонға бірнеше мың бірлік аударуды талап етеді. Осындай фактілер өткен жылғы қазан, қараша айларында жиі тіркелсе, биылғы наурыздан бастап қайта «жанданды». Наурыздың 29-ы күні осындай төрт оқиға болған. Ал жәбірленушілердің дені ? егде жастағы адамдар. Осындай әдіспен қор жинауды кәсіп еткен С. деген азамат ұсталып, оның үстінен екі апта ішіндегі әрекетіне байланысты он қылмыстық іс қозғалды. Алаяқтар сондай-ақ SMS хабарламасы арқылы да әрекет жасауда.