17:10, 01 Сәуір 2009
Орал қаласында жасөспірімдер қылмысы 28,6 пайызға азайды
ОРАЛ. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Орал қаласында биылғы бірінші тоқсанда жалпы қылмыс 7,7 пайызға төмендесе, ашылу деңгейі 67,1 пайызды құрады.
Бұл туралы сәуірдің 1-інде қала прокуроры Амантай Рашқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қылмыстың алдын алуға арналған нақты жұмыстардың нәтижесінде жасөспірімдер қылмысы 28,6 пайызға азайса, есірткі заттары заңсыз тасымалының ашылуы 6,5 пайызға өсті. Қоғамдық ой-пікірге тамызық болған қылмыстық істер прокуратура қадағалауында болып келеді. Айталық, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын қылмысқа барған «Еңбек-Орал» мекемесінің бұрынғы басшылары Жұмағұлов, Маймышев, сондай-ақ қылмыстық топ мүшелері Латыпов, Лебедев, Дияшев, Тұрлановтың істері айыптау қорытындысымен сотқа жолданды.
Үш айда 48 тексеру нәтижесінде 12 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды. Прокурорлық ықпал ету актілері бойынша 62 895 279 теңге өндіріліп алынды.