Орал қаласының бюджеті 4,3 млрд. теңгеге өсіп отыр

ОРАЛ. 1 қаңтар. ҚазАқпарат - Орал қаласының бюджеті жаңа жылда өткен жылмен салыстырғанда, трансферттерді қосқанда, 4,3 млрд. теңгеге өспекші.

Қала әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен 2014 жылдан бастап қала қазынасына бюджеттік түсімдер 60 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұрынғы жылдары бұл түсім 50 пайыз көлемінде болған еді. Енді қаланың тыныс-тіршілігін қалыпты ұстау ғана емес, жан-жақты дамытуға да мүмкіндік бар.

Сөйтіп қала бюджеті 25 пайызға көбейіп, 21,8 млрд. теңгеге жетіп отыр. Сонымен қатар қала басшылығы бюджеттің кіріс бөлігін молайту жолында одан әрі жұмыстанатын болады. Ол үшін ішкі мүмкіндіктерді пайдаланып, жаңа өндіріс пен жұмыс орындарын ашуға баса көңіл бөлінеді.

Трансферттермен бірге қала қазынасының қосымша қаржылары инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды нығайтуға, сумен қамту жүйесін жақсартуға, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасын жүзеге асыруға, коммуналдық тұрғын үй құрылысына, коммуналдық шаруашылықты дамытуға жұмсалатын болады.