Оған Оралдағы орта мектептер басшылары қатысты.
Алдымен сөз алған қалалық білім бөлімінің бастығы Жансұлу Төремұратова қаладағы жекелеген мектептер басшыларының ауысқанын жеткізді. Мәселен, бұрынғы №40 орта мектептің директоры Ләззат Темірхан қазір №30 мектепке келді. Сондай-ақ №38 орта мектепке Шынар Айтқалиева, ал №40 орта мектепке Бәтима Асқарова басшылық етпек.
Бұдан кейін Жансұлу Меңешқызы Елбасы Жолдауында айтылған басым бағыттардың бірі - білім саласы туралы атап өтті. Шаһарда соңғы жылдары жаңа білім ордалары ашылып, заманауи жабдықтармен жасақталуда. Қаладағы 46 жалпы орта білім беретін мектебі, 47 балалар бақшасы және 9 мектептен тыс орталық бар. Аталмыш білім мекемелерінде 2743 педагог балаларға саналы тәрбие, сапалы білім беруде аянбай тер төгіп келеді.
Қалалық білім бөлімі бастығының орынбасары Серік Сафиуллиннің сөзіне қарағанда, Жолдауда барлық саланы жаңғырту туралы айтылған. Бұдан білім саласы да тыс қалмайды. Осыған орай еліміздің барлық білім беру жүйелерінде бұл жұмыстар жоспарлы жүргізілуде. Оралдағы білім ошақтарының материалдық-техникалық базамен, оқулықтармен қамтылуы, мұғалімдердің кәсіби біліктіліктерін шыңдау бағытында соңғы бір жыл ішінде көптеген жаңалықтар болды. Оның бер жағында білімнің тең қолжетімділігі бойынша денсаулығына байланысты мектеп қабырғасына бара алмай отырған балаларды немесе мектепке дейінгі ұйымдарға жете алмай отырған балдырғандарды білім берумен қамту мақсатында бүгінгі күндері үйден оқыту, қашықтықтан оқыту жүзеге асуда. Бүгінгі таңда қаладағы 32 оқушы үйінде арнайы техникамен қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы білім алуда. Жаңадан бой көтерген заманауи балалар бақшасында денсаулығында ақауы бар балаларға арналған арнайы кабинеттер ашылып, жұмыс істеуде. Мұның бәрі білім саласын жаңғыртуға жатады.