Зачаган кентіндегі №30 мектеп ғимаратында биыл екі сайлау учаскесі орналасқан. №435 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Ләззат Темірханның айтуынша, мұнда 2511 сайлаушы тіркелсе, таңғы сағат 08.42-ге дейін соның 250-і дауыс беріп үлгерді. Президенттік сайлауда алғаш дауыс берген он сегіз жасар Дархан Кереевке ұлы Абайдың кітабы табыс етілді. Жалпы, бірінші болып келіп дауыс берген он адам елеусіз қалған жоқ. Дауыс беру барысын жеті бірдей байқаушы бақылауда. Учаскеге келе алмайтын 24 адам үйлерінде дауыс бермек.
Осы мектептегі №410 сайлау учаскесінде де дауыс беру қалыпты жүріп жатыр. Комиссия төрайымы Әсел Ишанованың сөзіне қарағанда, мұнда 2235 сайлаушы тіркелген. Тізімде жоқ болып шығып жатқан адамдар осы мектептегі халыққа қызмет көрсету орталығы бекеті арқылы тез анықталып, мекенжайына қарай дауыс береді. Бүгін түс қайта сайлауға келе алмайтын 34 адамнан дауыс үйлерінен алынады.
Орал қалалық сайлау комиссиясының хатшысы Ганди Шамкелованың хабарлағанындай, қалада 101 сайлау учаскесінде 199 639 адам тіркелген. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, сайлаушылардың белсенділігі жоғары.