ОРАЛ. 13 қазан. ҚазАқпарат - 12 қазан күні Жастар мәдениет сарайында «Орал су арнасы» МКК-ның 50 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Шараға кәсіпорын ардагерлері арнайы шақырылып, құрмет көрсетілді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген кәсіпорын басшысы Қайырғали Имашевтің айтуынша, мекеменің іргетасы 1962 жылы қаланған.
- Алғашында біздің мекеменің штатында 63 адам болған екен. Жұмыс ауқымы біртіндеп ұлғайып, қаланы таза ауыз сумен қамту желілері ұзарған сайын жұмысшылар саны өсе түсті. 2004 жылы «Орал су арнасы» деген атауды иелендік. Енді, міне, облыстағы барлық су тарату мекемелерінің басын біріктірген үлкен кәсіпорынға айналып отырмыз. Алда атқарар жұмыс көп. Баршаңызды мерейтоймен құттықтай келе, еңбектеріңізге жаңа табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деді Қайырғали Имашев.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген қала әкімі Болат Шәкімов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Мерген Магутов және басқа да лауазым иелері кәсіпорын ұжымын құттықтап, тарту-таралғыларын тапсырды. Сонымен қатар ардагерлер мен еңбек озаттарына алғысхаттар мен мерейтойлық медальдар табыс етілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).