Зауыт ұжымын мерейтойымен құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев кәсіпорынның облыс экономикасында елеулі орны бар екендігін айтып, сан ұлт өкілдерінен құралған жұмысшы-қызметкерлердің еңбегін жоғары бағалады. Біраз жылдан бері зауытқа басшылық етіп келе жатқан облыстық мәслихат депутаты Вячеслав Валиевке облыс әкімінің құттықтау хатын табыс етті.
-Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен зауыт мерейтойының тұспа-тұс келуі - біз үшін үлкен мерей, - деді В.Валиев - Бұл қос мерекеге біз жақсы табыстармен келдік.
Зауыттықтарды мерейтойымен құттықтағандар арасында Парламент, облыстық, қалалық мәслихаттар депутаттары, кәсіпорындар басшылары болды.
Қорғаныстық мақсаттағы аталмыш зауыттың іргесі Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы қаланды. Бастапқыда өндірісі құпиялы кәсіпорын «231-зауыт», «38-пошта жәшігі» деп аталды. 1966-1991 жылдары ол одаққа К.Ворошилов атындағы машина жасау зауыты деген атпен белгілі болды. 1996 жылдан - «Орал «Зенит» зауыты» АҚ.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері «Зенит» зауыты негізінен Каспийдегі ел шекарасын күзететін жүрдек кемелер шығаруға маманданып келеді.