ОРАЛ. 10 қазан. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 25 кг героин тасымалдаған екі тұрғынға қатысты үкім шығарды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен Гүлмира Кенжеғалиеваның хабарлағанындай, аталмыш қылмысты жасауға Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Оралда тұратын танысымен келіскен. Шымкентте сатып алынған есірткі Орал арқылы Ресейдің Самара қаласына асуға тиіс болған. ОҚО тұрғыны жүкті Оралға жеткізу үшін өзінің жақын інісінен автокөлікті сату мақсатында айдап баруды өтінген. Оған өзінің шын жоспарын айта қоймаған. Машинада жасырылған жүкті Оралдағы танысы қабылдап алған. Сосын гаражында тұрған «Ягуар» автокөлігіне тығып қойған. Алайда қылмыскерлер өз мақсатын жүзеге асыра алмай, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қолына түсті.
Сотталушыларды екеуі де ҚР ҚК 259-бабына сәйкес айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Олар жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).