Орал қаласы әкімдігінен хабарлағанындай, 2010 жылы бұл көрсеткіш 80,4 пайыз болса, 2000 жылы бар болғаны 27 пайызды құраған еді. Бұл көрсеткіштерге балабақшалардың санын арттыру арқылы қол жетіп отыр. 2005 жылы Орал қаласында небәрі 27 балабақша болса, бүгінгі таңда олардың саны 47-ге жетіп, 1,7 есеге артты.
Бүлдіршіндерді балабақшамен толық қамтамасыз етудің бірден-бір тиімді жолы - мектепке дейінгі мекемелерде, олардың меншік түріне қарамастан, мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастыру. 2010-2012 жылдары қала бойынша үш жеке шағын орталық ашылды. Олар: «Талап» АҚ мектеп-гимназиясы жанындағы 75 орындық 3 топ, гуманитарлық-технологиялық колледжде 50 орынға арналған 2 топ және «Алмаз-L» ЖШС жанындағы 25 балаға арналған 1 топ.
Дегенмен бала туу санының артуы, сәбилерді өмірге келген кезден балабақша кезегіне тіркеу мектепке дейінгі мекемелерге деген сұранысты арттырып отыр. 2013 жылдың басында кезекке тұрғандар саны 13400-ге жетті. Олардың 2737-сі - 3-тен 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер немесе барлық кезекке тіркелгендердің 20,4 пайызы.