ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда кісі өлтіруге оқталды деп айыпталған полиция қызметкері жұмысынан қуылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, осы оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүргізілді.
Департамент жанындағы айдауыл қызметінің қызметкері, полиция сержанты түнгі клубта жұмыстан тыс уақытта болған. Арақ ішу барысында ол мас күйінде танысына пышақ сілтеп, ауыр дене жарақатын салған.
Тәртіп сақшысы атағына кір келтіргені үшін аталған қызметкер құқық қорғау органынан босатылды.
Оған қоса тәрбие жұмысын ақсатқаны үшін бөлімше және взвод командирлері де қызметтерінен айрылса, тағы бірнеше басшы қызметкерге қатаң тәртіптік шара қолданылды.
Қазіргі кезде тергеу изоляторында отырған бұрынғы полиция қызметкеріне қатысты ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жалғасуда. Ал жәбірленуші ауруханадан шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын кісі өлтіруге оқталды деген күдікпен полиция қызметкерінің қамауға алынғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).