Оралда актер, ақын Қ.Амандықовтың шығармашылық кеші өтті

ОРАЛ. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - 15 қаңтар күні кешкісін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында актер, ақын Қуаныш Амандықовтың қырық жасқа толуына орай шығармашылық кеші болды.

Қаратөбе ауданында туып-өсіп, Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институтын бітіргеннен кейін Қ.Амандықов 1997 жылдан бері облыстық қазақ драма театрында жемісті еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде актер отыздан астам образ сомдаса, соның көпшілігі - негізгі рольдер. Әсіресе, Иран-Ғайыптың «Махамбет» трагедиясында Махамбет, А.Камюдың «Калигуласында» Калигула, Т.Әбдіковтің «Біз үшеу едік» драмасында Мұрат сынды бірегей бейнелерді сахнаға шығарды. Қуаныш Сайлауұлы - О.Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлері республикалық байқауының және республикалық, облыстық мүшайралардың жеңімпазы. 2008 жылы Ақтау қаласында өткен Қазақстан театрларының республикалық ХVІ фестивалінде Калигула ролі үшін «Ең үздік ер адам бейнесі» жүлдесін иеленді.

Театрдың бас режиссері Мұқанғали Томанов тізгін ұстаған кеште Қ.Амандықов ойнаған спектакльдерден көріністер көрсетіліп, өлеңдері оқылды.

Астанадан арнайы келген ақын, композитор Елена Әбдіқалықова өз әндерін орындаса, Алматыдан жеткен ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Иран-Ғайып мерейтой иесі құрметіне өлеңдерін оқыды. Батысқазақстандық әдебиетші-ғалым Серікқали Шарабасов ақын өлеңдерін талдады.

Қ.Амандықовты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, бұдан кейін де табыстарға, биік асуларға жете беруіне тілектестігін білдірді.