ОРАЛ. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралда қыркүйектің 30-ында АҚТҚ және ЖҚТБ дертінің алдын алуға арналған семинар өткізіліп, оған білім беру саласы мамандары мен заң қызметкерлері де қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде күні бүгін АҚТҚ ауруына шалдыққан 306 адам есепте тұрса, соның 225-і - ерлер, 81-і - әйелдер. Ал ЖҚТБ-нің тырнағына іліккен 13 адамның тоғызы өмірмен қош айтысқан. Облыстық ЖҚТБ-мен күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Шәмшия Шоқалованың мәлімдегеніндей, 306 аурудың 210-ы нашақордың инесінен тараса, 71-і гетеросексуалды қатынастан жұққан. Дерт негізінен 20-29 жас аралығындағы адамдар арасында көп. Бұрын алыс-жақын шетелден келген 32 шетелдік азамат ауру көзі саналса, соңғы жылдары бұл дерт ауданға да жетті. Тіпті бір ауданның оншақты елді мекенінде осы ауру анықталып отыр.
Семинарда аталмыш орталық мамандары баяндамалар жасап, бас қосқандар пікір алысты. Ғасыр дертін ауыздықтауға арналған шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылмақшы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).