ОРАЛ. 14 тамыз. ҚазАқпарат - 13 тамыз күні Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ақын, журналист Закария Сисенғалидың 55 жасқа толуына орай «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кеші болды.
Кеште облыс әкімі Нұрлан Ноғаев әкімдік пен ақындықтың тізгінін қатар ұстап келе жатқан мерейтой иесіне жүрекжарды лебізін білдірді. Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінде тілшіліктен редакторлыққа дейін көтерілген Закария Сисенғали 1993-2001 жылдары аудан әкімдігінде бөлім меңгерушісі, 2001-2012 жылдары аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Қазіргі кезде ол - аудандық мәслихат хатшысы. Осы уақыт ішінде мерзімді баспасөз бетінде өлең-мақалаларымен жиі көрініп келе жатқан қаламгер бірнеше кітаптарын да шығарып үлгерді. Ақынның 40-тан астам мәтіндеріне Әсет Бейсеуов, Базарбай Жұманиязов, Донеділ Қажымов, Тұяқберді Шәмелов сынды композиторлар ән жазған.
З.Сисенғалиды мерейтойымен белгілі ақындар Қайрат Жұмағалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Көпен Әмірбектер құттықтап, игі тілектерін айтты.
Кеште ақынның сөздеріне жазылған әндер орындалып, өлеңдері оқылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).