ОРАЛ. 17 қазан. ҚазАқпарат - 17 қазан күні «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы ғимаратының залында «Алтын домбыра» республикалық дәстүрлі ән фестивалі өткізілді. Оның ашылуына қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ақ Жайық өңіріне келген өнер жұлдыздарына қош келдіңіздер дей келе, дәстүрлі ән мерекесінің басталуымен құттықтады.
Бұл шараға Алматы қаласынан ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Майра» продюсерлік орталығының директоры, әнші-термеші Майра Ілиясова бастаған бір топ өнер қайраткері келді.
ҚР өнер қайраткері, әнші-ұстаз Айгүл Қосанова, әнші-ұстаз Ардақ Исатаева, әнші Ерлан Рысқалиев және «Керімсал» этнотобы орындауындағы ән-күй, терме өнерсүйер қауымды бір серпілтіп тастады. Сондай-ақ есімдері күллі елімізге таныс Қатимолла Бердіғалиев бастаған жергілікті саңлақтар өнері де жиналғандарды тамсантты.
Әнші-термеші Майра Ілиясова облыстың қалаға іргелес аудандарына сапарға шықпақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).