Оралда «Алтын сапа» байқауының лауреаттары анықталды

ОРАЛ. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Облыстық қазақ драма театрының фойесінде «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрме-байқауы өтті. Бұл шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Берік Толымбаев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Амангелді Таспихов, осы министрлікке қарасты Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Аманияз Ержанов қатысты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрме-байқауды ашқан Берік Толымбаевтың атап өткеніндей, бұл - біздің еліміздің ДСҰ-ға кіру қарсаңында жасаған елеулі қадамы. Өңірдегі 106 кәсіпорында, соның ішінде 42 өнеркәсіп орны мен шағын бизнес субъектілерінде ИСО 9000:2001 стандарттарына сәйкес сапа сертификаттары бар. Байқаудың басты мақсаты - өнім сапасын насихаттау, жергілікті тауарөндірушілерді бәсекелестік ортаға тарту, халықаралық сапа стандарттарына көшуге, бәсекеге қабілетті өнім өндіруге бағыттау.

Байқауға 21 жоғары сапалы өнім өндірушісі қатысып, бақ сынады. Байқау комиссиясы барлық тауар өндірушілердің өнімдерін жоғары бағалады. Алайда комиссия жаңа технологияны, сапаны басқарудың тиімді әдісін өндіріске енгізген үздіктердің үздігін таңдап алды. Сонымен, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша 1-орынды «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, өзге орындарды «БҚ құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ мен «КазАрмапром» ЖШС иеленді. «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша бірінші орын «СВ плюс» ЖШС-на, ал екінші мен үшінші орын «Стройкомбинат» пен «Металл бұйымдары» ЖШС-ларына берілді. «Үздік азық-түлік тауарлар» аталымы бойынша 1-орынды «Белес Агро» ЖШС иеленді. «Жайық Ет» пен «Кублей» ЖШС екінші, үшінші орындарға шықты.

Көрме-байқаудың жеңімпаздары ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иелену үшін Астанада өткізілетін бесінші республикалық байқауға облыс атынан барады.