Оралда ауыл шаруашылығы өнімдерінің кезекті жәрмеңкесі өткізілді

ОРАЛ. 9 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бүгін Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарында облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің бастамасымен қолға алынған ауыл шаруашылығы өнімдерінің кезекті жәрмеңкесі өткізілді.

Онда Ақжайық, Теректі, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандары қала тұрғындарына өз өнімдерін ұсынды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Исмадияр Жұмабаевтың айтуынша, бұл жолы аудандардан 58 бас ірі қара, 3 бас жылқы, 53 бас қой, 4 бас шошқа, барлығы 8348 келі ет әкелінді. Атап айтқанда, Шыңғырлау ауданы 15 бас ірі қара, 1 бас жылқы, 14 қой, Ақжайық ауданы 11 ірі қара, 1 жылқы, 22 қой, Теректі 15 ірі қара, 1 жылқы, 17 қой, Қаратөбе 17 ірі қара етін жеткізіп, өздері өткізуде. Сиыр етінің әр келісі - 750, қой - 720, шошқа 700, жылқы еті 800 теңгеден сатылды. Бұған дейінгі жәрмеңкелерде сағат 9.30-ға дейін ет қалмайтын. Қазір халық үйренді, бұрынғыдай абыр-сабыр байқалмайды, сағат оннан кеткенше, ет сөрелерде жатты. Сондай-ақ «Ел ырысында» картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат сынды өнімдер де делдалдарсыз сатылуда.

Алдағы сенбіде басқа аудандар ет өнімдерін әкелмек. Жәрмеңке осылайша жалғаса бермек.