ОРАЛ. KAZINFORM - Орал қаласында автокөлік қағып кеткен 16 жастағы жасөспірім қайтыс болды.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 9 ақпан күні Сарайшық көшесі 56-үй тұсында болды.
«Сағат 22.53-те жол-көлік оқиғасы болғаны жөнінде жедел медициналық жәрдем станциясына хабар түскен. 2007 жылғы жасөспірім өте ауыр жағдайда облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер тарапынан жүргізілген шараларға қарамастан, алған жарақаттары салдарынан науқас есін жимастан көз жұмды», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растап, қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Жасөспірімді қағып кеткен «ГАЗель» автокөлігінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).