Оралда әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия отырысы болды

ОРАЛ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралда сәуірдің 15-інде облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалық етуімен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия отырысы болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Онда облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, комиссия хатшысы Светлана Әлмұханова баяндама жасап, аталмыш комиссияның атқарған жұмыстарына тоқталды. Жиында Теректі ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қадыров және басқалар гендерлік саясатты насихаттау, осы бағытта жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің білімін жетілдіру, зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы жастар тәрбиесі туралы өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Отырыста, сондай-ақ Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру жөніндегі БҚО-ның 2009 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Комиссия жұмысына белсене араласқан облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашев, облыстық ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Манарбек Ғабдуллин, облыстық мәслихаттың депутаты Зинатбану Мусина, «Шағын бизнес орталығы» қауымдастығының директоры Шолпан Махмудоваға алғысхат табыс етілді.