ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасында Орал гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Алтынбай Раевтың төрағалық етуімен қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеу мен қылмыстық істерді тергеу кезінде заңдылықтың сақталуы, әскери бөлімдер мен мекемелерде жеке және заңды тұлғалар шағымдарын қарауды жетілдіру мақсатында ҚР Бас прокуратурасының «Айқын» инновациялық жобасын қолдану мәселелері талқыланды.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Алтынбай Раевтың атап өткеніндей, биыл Орал гарнизоны қылмыстық іздестіру органдарының жаңа қылмыстық үдеріс жағдайына бейімделуі қамтамасыз етілді. Сотқа дейінгі өндіріс сапасын арттыру мақсатында тиісті шаралар алынды.
Жиынға қатысқан ҚР бас әскери прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басқармасы бастығының орынбасары, әділет полковнигі Бақыт Нұрмановтың айтуынша, «Айқын» жобасын енгізудің маңыздылығы сонда, кейбір әскери бөлімдер мен мекемелер азаматтардың арыз-шағымына жеткілікті мән бермейді, мазмұнына үңіліп, қарау мерзімін сақтамайды. Бұл арыз-шағымның көбеюіне әсер етуде.
Бас әскери прокуратураның аға прокуроры, әділет аға лейтенанты Ернұр Мағазовтың сөзіне қарағанда, азаматтар мен ұйымдар өз арыздарының қаралу барысын «Айқын» жобасы бойынша ғаламтор арқылы бақылап отыра алады. Сонымен қатар әскери прокуратураның қадағалауынан бөлек, мемлекеттік органдардың арыз-шағымдарды қарауына тұрақты әлеуметтік бақылау да орнатылады. Ең бастысы, «Айқын» жобасы сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, азаматтардың конституциялық құқығын қорғайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).