ОРАЛ. 14 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 7-қысқы Азия ойындарына қатысып, таяуда ғана ел қоржынын бір алтын, қос қоламен толықтырған батысқазақстандық жүлдегер спортшыларды 14 ақпанда облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев арнайы қабылдады.
Қабылдау рәсіміне жеңімпаз спортшылардан басқа олардың жаттықтырушылары мен спорт ұжымдарының басшылары, қала әкімі Самиғолла Оразов қатысты.
Кездесу барысында Нұрлан Асқарұлы құрлықтың ең үлкен сайысының маңызына тоқталып, Азиада жеңімпаздарын толағай табысымен құттықтады. Бұдан соң жеңімпаздар мен жүлдегерлер әкімшілік тарапынан марапатталып, оларға ақшалай сыйлық табыс етілді. Команданың жеңіске жетуіне зор еңбек сіңірген допты хоккейден Қазақстан құрамасының және «Ақжайық» командасының бас бапкері Алексей Никишовке жаңадан салынатын үйлердің бірінен екі бөлмелі пәтер берілетін болды.
Облыс әкімдігінің спортшыларға көрсеткен сый-құрметіне ризашылығын білдірген допты хоккейден облыстық федерация президенті Яхия Чудров жасанды мұз айдыны салынса, Оралда спорттың осы түрінен әлем чемпионатын өткізуге болатынын айтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).