Оралда балалар туризмі жылы қорытындыланып, «Хрустальді шоқыр» байқауының жеңімпаздары анықталды

ОРАЛ. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы сәуірдің 17-сінде балалар туризмі жылын қорытындылап, дәстүрлі «Хрустальді шоқыр» байқауының жеңімпаздарын анықтады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Орталық директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Виктор Фоминнің айтуынша, биыл үшінші рет өткізіліп отырған байқауға барлығы 75 жұмыс түссе, қазылар алқасы соның 35-ін он екі аталым бойынша таңдап алды. Байқау алғаш рет 2002 жылы өткізілсе, содан кейін 2004 жылы екіншісі ұйымдастырылған болатын. Оның шарты бойынша оқушылардың туристік-өлкетану қызметін дамытуға қосқан үлесі үшін аудан не қала әкімі, үздік мектеп, мектепке дейінгі мекеме, кәсіптік білім ордасы, туризм ұйымдастырушылар және басқа да өз бағыты бойынша озық шыққандар марапатталып келеді. Биылғы сайыстың аясы кеңи түсіп, оған Астана, Тараз, Шу қалалары мен Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан да мектептер қатысты. Өңірде өткен жылы балалар туризмі жылы аясында көптеген шаралар ұйымдастырылған болса, биылғы жылды облыстық білім басқармасы Орал өңірін тану (өлкетану) жылы деп жариялап отыр.