ОРАЛ. 15 қараша. ҚазАқпарат - Орал қаласында 45 жастағы әйелдің үйіне ер адам қоңырау шалып, баласының есірткімен ұсталғанын айтады.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, мәселені шешу үшін әлгі «жанашыр» 300 мың теңге талап етеді. Жергілікті БАҚ-тан алаяқтар әрекетін талай рет естіген әйел, полиция қызметкерлеріне телефон соғып хабарлайды.
Жедел іздестіру тобы, полицейлер ақшаны алып жатқан жерінде Орал қаласының 23 жастағы тұрғынын ұстады.
Аталған азаматтың үстінен іс қозғалып, тергеу шаралары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).