ОРАЛ. ҚазАқпарат - 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» бүкілқазақстандық шара аясында Оралдағы «Еуразия» сауықтыру орталығында «Балалық шақ» жүрдек пойызымен саяхат» мерекесі ұйымдастырылды.
Облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған, облыстық көздері нашар көретін және зерде бұзылыстары бар балаларға арналған мектеп-интернаттар, облыстық балалар үйі, отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілерін облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, оларға спорттық құрал-жабдықтарды табыс етті.
Мерекелік көңіл-күймен келіп, өз өнерлерін көрсеткен балдырғандарға арнайы сыйлықтар, тәтті шырындар мен балмұздақтар ұсынылды. Балалар «Еуразия» сауықтыру орталығын аралап, түрлі үйірмелер жұмыстарымен танысты.
Үлкендермен бірге сырғатал, жұпаргүл отырғызып, облыстық жас техниктер орталығының шәкірттері жасаған ұшақтың көкте қалықтағанын, асфальтқа салынған суреттерді, басқа да қызықтарды тамашалады. Спорттық жарыстар да балғындардың көңілін көтере түсіп, ерекше әсер етті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).