Оралда Батыс аймақтың үздік старшиналары анықталды (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы 5517-әскери бөлім базасында ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер старшиналарының үш күндік оқу-әдістемелік жиыны болды.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оған Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Жаңаөзен және Орал қаласынан отыз шақты старшина келді. Жиынға «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов қатысты.

Мұндай кеңейтілген құрамда жиын «Батыс» қолбасшылығы тарихында алғаш рет ұйымдастырылды. Оған қолбасшының тыл жөніндегі орынбасары, полковник Асхан Ибишев басшылық етті. Жиынға қатысушылар үш күн бойы дәріс тыңдап, тәжірибелік сабақтарды тыңдады, рота шаруашылығын жүргізу әдіс-тәсілдерімен танысты, азық-түлік, техника мен мүлікті сақтау, тамақтандыруды жетілдіру, экологиялық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Шара үздік старшиналарға құрмет көрсетумен тәмамдалды. Атап айтқанда, 6656-әскери бөлімі 1-атқыштар ротасының старшинасы Бекболат Әлішев, 5517-әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальоны 2-ротасының старшинасы Берік Құрмантаев, 5546-әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальоны 2-ротасының старшинасы Ғасыр Базылов үздік деп танылып, жеңімпаздарға кубок, грамоталар, олардың жұбайларына гүл шоқтары табыс етілді.