ОРАЛ. Қарашаның 26-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралдағы А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның солисі,
республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Сағадат Рахметжановтың шығармашылық кеші болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сағадат - Ғарифолла Құрманғалиевтен дәріс алған, Мұхит Мералыұлының дәстүрін жалғастырушылардың бірі. Оның репертуарында үш жүздей ән бар. Аталмыш кеш оның елу жасқа толуына орай ұйымдастырылды. Концертте әншінің жары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева, әріптес-шәкірттері де өнер көрсетті.
С.Рахметжанов М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ұстаздық етумен қатар Мұхит қорына да басшылық жасап келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).