ОРАЛ. Желтоқсанның 3-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында халықаралық және республикалық ақындар айтыстарының жеңімпазы Бауыржан Халиолланың «Жүрегімнің жанры» атты шығармашылық кеші өткізілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бауыржан жазба ақын ретінде де елге таныс. Оның бірнеше кітаптары жарық көрген. Ақынның отыз жасқа толуына орай ұйымдастырылған кешті Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты мен ҚазМҰУ-дың журналистика факультетін бірге бітірген, қазір Алматы қаласында тұратын досы Талант Арғынғали жүргізсе, алматылық аға әріптестері Жанарбек Әшімжан мен Бақыт Беделханұлы ізгі тілектерін білдірді. Ізбасарлары Жансая Мусина мен Талғат Мықи сахнаға шығып, сөз сайыстырды.
Кеште Бауыржан Халиолла өз өлеңдерін көпшілік назарына ұсынып, сондай-ақ әндері де шырқалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).