Оралда белгілі бессайысшы, бапкер Б.Сариев туралы жаңа кітаптың таныстырылымы болды

ОРАЛ. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Сәуірдің 7-сінде Оралда белгілі бессайысшы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Борис Сариевтің 70 жылдығына орай жарық көрген Арғынғазы Жұмағожиннің орыс тіліндегі «Бұдан басқа ештеңе...» атты жаңа кітабының таныстырылымы болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақ дене тәрбиесі институтының түлегі, Орал қаласында туып өскен Борис Сариев 1958-1967 жылдары қазіргі бессайыстан Қазақстан құрамасының мүшесі болды. 1961 жылы Қазақстан спортының тарихында тұңғыштардың қатарында КСРО біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізді. Осындай жетістігін 1967 жылы КСРО халықтарының ІV спартакиадасында да қайталады. 1968-1974 жылдары осы спорт түрінен Қазақстан құрамасының аға бапкері болған Борис Сариевтің шәкірттері 1970 жылы алғаш рет әлем чемпионы атанды. 1975-1990 жылдары Орал облыстық спорт комитетін басқарған Б.Сариев одан кейін де «Бессайыс» спорт клубын құрып, елде бессайыстың қайта жандануына өз үлесін қосты. Аталмыш кітап Б.Сариевтің спорттағы өзіндік жолы, бірегей табыстары жөнінде сыр шертеді.