ОРАЛ. Шілденің 13-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті «Кайдан» ЖШС есепшотынан 2,4 млн. теңгені жымқырған З. деген азаматты ұстады.
Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, З. бюджетке салық төлеуден жалтару мақсатында қаржыны қолма-қол ақшаға заңсыз айналдыруға көрсеткен қызметі үшін аталған соманы Орал қаласы кәсіпорындарының бірінің есепшотына аударып жіберген. Ол жалған кәсіпкерлікпен Г. деген азаматтың нұсқауымен айналысқан. Бұдан кейін Г. «Кайдан» ЖШС-ге қатысты тергеу алды тексеру материалы бойынша «оң» шешім қабылдау үшін қаржы полициясы инспекторына 10 мың АҚШ долларын ұсынған. Г. параның бір бөлігін беру үстінде қолға түсті.
Қазіргі уақытта Г-ның Қазақстан аумағында жалған кәсіпкерлікпен айналысып, мемлекетке елеулі залал келтірген тағы алты кәсіпорынның заңсыз қызметіне қатысы бары анықталды. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).