ОРАЛ. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-дағы «Дарын» қосымша білім беру орталығында дәстүрлі облыстық Мұқағали оқулары мәреге жетті.
Байқауға Орал қаласы мен облыс аудандарынан барлығы 17 үміткер қатысты. Олар Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқып қана қоймай, өзегінен жарып шыққан өз жырларын да қазылар алқасының назарына ұсынды. «Менің пірім - Мұқағали» деп жыр төккен оқушылар ақын шығармашылығын барынша білетіндігін аңғартты.
Сайыстың алты кезеңінен сүрінбей өткен Орал қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Дәурен Сағынғалиев жеңімпаз атанды. Енді ол биыл 80 жылдығы кеңінен тойланып жатқан Мұқағали Мақатаевтың туған жері Қарасазда өтетін республикалық байқауға қатысады. Өткен жылы дәл осы сында дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінің шәкірті Оралбек Ысқақ жеңімпаз атанған болатын.
Қазылар алқасының төрағасы, профессор Серікқали Шарабасовтың айтуынша, байқау деңгейі жыл сайын көтеріліп келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).