Оралда Дүниежүзілік шылымқорлыққа қарсылық күніне орай шара өткізілді

ОРАЛ. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Оралда 31 мамыр күні Дүниежүзілік шылымқорлыққа қарсылық күніне орай шара өткізілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, шараға «Жалын» жастар денсаулық орталығы, қалалық білім бөлімі, облыстық ішкі істер департаменті, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстел отырысы барысында темекінің зияны, оған қарсы орталықтардың жұмысы, жастар арасындағы темекіге тәуелділіктің алдын алу мәселесі қозғалды. Сондай-ақ темекі шегуді қойған азаматтар аталған қауіп-қатер факторының зардабы, тәуелділіктің тауқыметі туралы өз пікірлерін ортаға салды.

Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы темекі өнімдеріне теріс көзқарасты қалыптастыру, жастар арасында еріктілер жасағын құру, темекінің зиян-салдары туралы ақпараттық  материалдарды жеке және мемлекеттік мекемелерде үздіксіз таратып отыру жөнінде шешімдер қабылданды.