АЛ. 16 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің мәжіліс залында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына және халықаралық студенттер күніне орай жыр кеші болды.
Университет ұстазы, филология ғылымдарының кандидаты Ұлдай Ержанова ұйымдастырған кеште әр факультеттен келген студенттер Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов сынды белгілі ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Кеш соңында үздіктер анықталып, дипломдармен, кітаптармен марапатталды.
Кешке арнайы шақырылған қонақтардың бірі, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгерееваның атап өткеніндей, тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Ол ата-баба қанымен, ұзаққа созылған азаттық жолындағы күрестің арқасында келді. Бұл ретте биыл 25 жылдығы аталып өтілетін Желтоқсан оқиғасының маңызы да ерекше. Онда Жұбан Молдағалиевтай ақиық ақынның ақиқатты бетке айтуы тарихтың бір айшықты беті болып қалды.
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шаралар университетте бұдан кейін де жалғаспақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).