Облыстық «Ламед» еврей қауымдастығының төрайымы Ольга Дергачеваның айтуынша, бұл мерекенің тарихы екі мың жылдан асып жығылады. Биыл 8-16 желтоқсан аралығына тап келіп, сегіз күн тойлануда. Негізгі мағынасы - азаттық, бостандық, жарықтың қараңғыны, ізгіліктің зұлымдықты жеңуі. Тарихына аз-кем тоқталар болсақ, грек әміршісі Антиох Эпифан Иерусалимдегі қасиетті храмды тонайды, еврейдің барлық әдет-ғұрпына тыйым салып, пұтқа табынуды енгізеді. Бұған шыдамаған еврей халқы көтеріліске шығып, грек басқыншыларын қуып шығып, қасиетті храмды қайта қалпына келтіреді. Ұлы жеңістің құрметі ретінде «Ханука» деп аталатын мейрам пайда болады.
Облыс басшысы еврей қауымдастығының кеңсесінде орналасқан кітапхананы көрді, «Ханука» мерекесінің басты рәмізі болып саналатын балауыз майшамдарды жақты. «Еврей халқының ұлық мерекесімен құттықтаймын. Биыл бұл мереке Қазақстанның Тәуелсіздік мейрамымен тұспа-тұс келіп отыр. Ең бастысы, елімізде бейбіт өмір мен жайлы тіршілік болсын. Ізгілік зұлымдықты жеңе берсін», - деді Нұрлан Асқарұлы.